Шығыс Қазақстан облыстық
Әміре Қашаубаев
атындағы Семей мемлекеттік
филармониясы

Анонс


жоқ хабарландырулар

21-ші халықаралық фестивалі

21-ші халықаралық фестивалі

Қарашаның 5-ші жұлдызынан өнерпаздарға шымылдығын ашқан халықаралық «21-ші Шабыт» фестивалі  ақыры өз мәресіне жетті. Бұл айтулы өнер додасына  Ресей, Украина, Израиль, Өзбекстан, Беларусь сынды мемлекеттердің өнерпаздары бақ сынады. Басқа номинацияларды айтпаған күннің өзінде «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша 120 қатысушы додаға түсті. Ақтық финалға тек 20 талапкер шықты.  Осы жиырманың ішінде жерлесіміз Парасат Отан да бар. Ақтық сынға өткен Парасат өзінің авторлық әнімен «Дипломант» атанды. Жерлесіміз бұған дейін де бірнеше конкурстардың жүлдесін қанжығасына байлаған талантты әнші.   2013 жылы бірінші Республикалық «Ән арман» байқауында Эстрадалық вокал айдары бойынша 3-орын, 2016 жылғы облыстық «Жас қанат» жас орындаушылар байқауынның Бас жүлдесін алса, 2016 жылы Астана қаласында өткен  ХХV ЖАС ОРЫНДАУШЫЛАРДЫҢ «ЖАС ҚАНАТ »байқауында БІРІНШІ ЖҮЛДЕНІҢ ЛАУРЕАТЫ,АЛТЫН ҚАНАТ  иегері атанды. Парасатқа алдағы уақыттарда өтетін өнер бәйгелерінде тек сәттілік тілейміз!

 

Ермұрат Үсеновтың - "Күзгі әуен"  атты шығармашылық кеші

 

Биылғы жылдың 27 қазанында, Семей қаласы, Абай атындағы кітапханада  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Республикалық композиторлар конкурсының бірнеше дүркін лауреаты, екі мәрте ГРАН ПРИ иегері, композитор Ермұрат Үсеновтың «Күзгі әуен» атты шығармашылық кеші өтті. Концерттің шымылдығы автордың «Мерекелік күй» шығармасымен басталып, қалың жұртшылыққа кеңінен танымал «Ару алматым», «Меруерт моншақ»,«Жалт-жұлт еткен дүние-ай» сынды әндері мен «Өмір дастан», «Күзгі әуен», «Нұрғиса толғау» атты шығармаларымен жалғасты. Кешегі 86-ның жаңғырығы, қыршын кеткен боздақтардың көз жасы, тәуелсіздік үшін Кеңестік билікпен күрескендері Семей сахнасында орындалған композитордың «Арнау-желтоқсан» атты рухты шығармасынан көрініс тапты. Сондай –ақ  автордың табиғат анаға деген құштарлығын, күздің ерекше бейнесін, күзге ғашықтығын сезімге толы «Күзгі әуен» шығармасынан аңғаруға болады.

Осы аталмыш кешке Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының «Бибігүл» халық аспаптар оркестрі (дирижері Нұрлан Төкей), дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор – Жалғасбек Бегендіков, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, әнші Баян Сағымбаева, Гүлмира Сарина, күйші, республикалық бірнеше конкурстардың лауреаты Аманжол Самықов сияқты майталмандар өнер көрсетті.

Екі сағатқа жалғасқан концерттің соңында Ермұрат Үсеновке Семей қаласы әкімінің арнайы құттықтауы мен алғыс хатын  «Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Назерке Мәулітқызы табыстады. Сонымен қатар Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының алғыс хаты мен «Мәдениетке қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

 

 

Шығыс Қазақстан облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесi

Осы жылдың 29-ы мен 30-шы қыркүйегі аралығында Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Аягөз, Үржар, Қатонқарағай, Тарбағатай, Зырян сынды аудандар халыққа қол жетімді бағада өз өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ, Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясы да жәрмеңкеге келген Астана халқына өнерлерін тарту етті. Әншілеріміздің орындаған әнін халық ерекше ықыласпен қабылдап, тіпті әннің ырғағына билеп, концертіміздің көрігін қыздырыра түсті. Екі күндік концертке ұласқан жәрмеңкеде халық саны толастаған жоқ. Ең бастысы концерт халықтың көңілінен шықты. Біздің өнерпаздар үшін бұдан асқан марапат жоқ шығар!

 

 Семей қаласы күніне арналған мерекелік концерті өтті

Кеше Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен Семей қаласы күніне арналған мерекелік концерті өтті. Жүргізушінің: «Семей қаласы әрбір тасын түртсе тарихы абыздай сөйлейтін, қобыздай күй төгетін шежірелі қала. Сондай-ақ Семейдің әрбір тарихи парағы жіті үңілген зерделі адамға алдымен Алаш боп, Алаш арыстары боп үн қатады. Семей – Алаш деген ұғым синонимдес үлкен сөздер. Бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын тұтас ұғым. Бұл қаламыздың тек қана бір бөлігі десек болады. Ендеше осы тарихи қалада кіндігін кескен, 20-сыншы ғасырда бас еркіндігін Алаштың еркіндігіне тіккен арыстардың «ертеңгі ұрпақ үшін» деген біздердің осалдық танытуға қақымыз жоқ.» деген сөзімен басталып, филармония өнерпаздарының ән шеруіне ұласты. Мерекелік концерттің басты тақырыбы Семей болғандықтан, концерт барысында қаламызға арналған «Ертістің жағасында», «Жайна Семей», «Семейдің кештері» сынды әндер орындалды. Сондай-ақ, концертте  Қ.М. Омаровтар, Бақытжан Сибанбаева, Баян Сағымбаева, Виталий Камбалин, Гүлдана Ноғайбаева, Дулат Тезеков, Парасат Отан, Еркебұлан Мұсаев сынды Семей жұршылығына белгілі әншілер өнер көрсетті!   

     

 

Жүлделі оралды

17-19 қараша аралығында Мәскеу қаласында өткен ІІІ-Халықаралық фольклорлы «Дәстүрді сақтайық» атты фестивальға Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының қос әртісі қатысып, жүлделі оралды. Қазақы болмысқа шынайы таза тыныс білдіріп, әуезді әнімен 8 ұлтты бір демде қарата білген Жасұлан Тәжиевке қазылар алқасы Бас жүлдені лайықтапты. Ал, биімен сахнада өрнек салған Айнұр Асқар тамаша образымен жүлделі екінші орынды иеленді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған халықаралық фестивальдан қос өнер иесінің алған әсерлері ерекше. Боямасыз өткізілген шараның әділ-қазы алқалары қатарында Гнесий атындағы университетінің аға оқытушылары, халықаралық деңгейде танылып үлгерген кино және театр актерлері болған.

Фестиваль Мәскеу қаласының «Салют» концерт залында өткен. 8 ұлттан қатысқан 70-тен астам өнерпаз төрт аталым бойынша бақтарын сынаған. Вокал, хореография, инструменталды және актерлік шеберлік сынды номинациялардың ішінен қатысушылар ән мен би аталымдарына қатысуға ниет білдірген.

Шараның мақсаты- әр ұлттың өз дәстүрін дәріптеп, өзіндік нақышқа сай жеткізуінде.

Қара шаңырақ Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының ғана емес, күллі қазақ жұртшылығының мәдениеті мен өнерін қөрсете білген қос өнерпаз бұл фестивальдан шалқар шабытпен оралды.

«Өнерпаздың бағы мен өнері қатар сыналатын осындай шаралар біздерге өте қажет»-дейді, әнші Жасұлан Тәжиев. Сондай-ақ, «Біздің өзге қатысушылардан басты ерекшелігіміз әр нөмерге киіп шыққан киімдеріміз және ең бастысы репертуардың дұрыс таңдалғандығында» деп қорытындылады сөзін әнші.

Әр халықтың өзіне тән мәдени және рухани ерекшеліктері бар екені сөзсіз. Осы ретте біршама ұлттың арасынан қазақы рух пен қасиетті домбыраның үнін Ресейде әуелете білген өнерпаздардың жеңісі біз үшін де үлкен қуаныш. Өнерде де, өмірде де қол ұстасып жүрген өнерпаздардың өнерінің үстем болуын, жұлдыздарының жана беруін тілейміз! 

                                

  

 

 

Халықаралық «Сәби болғым келеді» байқауы өтті.

2017 жылдың қазан айының 10-11 күндері Семей қаласында Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, әнші, композитор Тұрсынғазы Рахимов атындағы халықаралық «Сәби болғым келеді»  дәстүрлі әншілер байқауы өтті.

Байқаудың ашылуы қазан айының 10-ы күні Қалалық мәдениет сарайында сағ. 14.00-15.00 аралығында өтіп, І кезеңі сағ. 15.00-19.00 жалғасын тапты. Қазан айының 11 күні Абай атындағы музыкалы-драма театрында байқаудың ІІ кезеңі 10.00-13.00 дейін жалғасып, сағ. 16.00-де салтанатты жабылу гала-концерімен аяқталды.

Байқаудың мақсаты - Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылық жолына кең талдау жасап, тереңінен насихаттап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету. Қатысушылардың жалпы саны-33. Бірінші кезеңнен 17 қатысушы қатысқаны үшін алғыс хатымен марапатталып, екінші кезеңге 16 қатысушы жолдама ала алды. Абай театрында өткен екінші кезеңнен кейін, жеңімпаздар анықталып, гала-концертте мадақталды. Төрт арнайы жүлде яғни, Мұқағали Мақатаев атындағы, Жүсіпбек Елебеков атындағы, Ерғазы Рахимов және Ғалым Мұхамедин атындағы сыйлықтар, үш үшінші орын, екі екінші орын және бір бірінші орын өз жүлгелерлерін тапты. Халықаралық «Сәби болғым келеді» дәстүрлі ән байқауының бірінші орыны Алматы қаласының қатысушысы Абдрахманов Нариманға бұйырды.

Халықаралық деңгейде өткізілгелі отырған ауқымды шараға байқау қонақтары ретінде Рамазан Стамғазиев, Толғанбай Сембаев, Ерлан Рысқали, Алмасбек Алматов, Әділ Тұрғанбаев, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Ғалым Мұхамедин, Ербол Айтбаев, Жоламан Құжыманов, Еркін Шүкіманов, Мәншүк Тұрсынғазина, Асем Омарова сынды әншілер өнер көрсетті. Гала-концерт  әншінің төл туындысына айналған «Сәби болғым келеді» әнімен аяқталды.

 

 

ЖАҢА МАУСЫМ АШЫЛДЫ

 

2017 жылдың 21 қыркүйек күні Қалалық Мәдениет сарайында Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының 72-ші концерттік маусымының ашылуы өтті. Биылғы жылдың еліміздің тарихындағы, халқымыздың тағдырындағы алатын орны ерекше. Қазақстанның болашағына жаңа серпін беріп, дамуына ықпал ететін, күллі дүниежүзі көз тіккен «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі өтті. Ал, мерекелік кеш Алаш үкіметінің 100 жылдығы мен Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығына арналды. Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Мәулетқызы өз сөзінде филармония ұжымын маусымашар концертімен құттықтап, сарқылмас шығармашылық табыстар тіледі.  

Кеш шымылдығын халықаралық фестивальдардың лауреаты «Бибігүл» қазақ-халық аспаптары оркестрі Әлқуат Қазақбаевтың «Ұлы дала сазы» атты шығармасымен ашты. Еліміз үшін маңызы бар тарихи даталарға бағытталған концертте Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасының» орындалуы заңдылық. Әнді шарықтау шегіне жеткізе орындаған бірнеше республикалық ән фестивальдарының лауреаты Еркебұлан Мұсаев болды.

Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері көрерменнің өнерге деген ықыласын одан ары арттырды. Бақыт Үдербаева, Берік Омаров, Валерий Коваленко, Қадылбек Маржан Омаровтар, Гүлдана Ноғайбаева, Зинура Абдолдинова, Бақытжан Сибанбаева сынды өнер саңлақтары өнер биігінен көріне білді.

Баршаңызға белгілі, филармония ұжымы жас әншілерге қолдау білдіріп, бағыттап отырады. Осы кештің көркі болған жас буын әншілер халықтың зор қошеметіне бөленді.

Айта кетейік, ұжым жыл сайын тың жаңалықтармен қуантып отырады. Жаңа маусымның жаңалығы қазан айында әнші, ұстаз, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Тұрсынғазы Рахимовтың халықаралық «Сәби болғым келеді» атты дәстүрлі  әншілер конкурсының өтуі. 

Өзге де, игі бастамаларға ұйытқы бола білетін филармония өнер ұжымына шығармашылық ізденістер серік болсын дейміз!

            

 

 

Шырайлы Шығыстан атағы асқақ Астанаға

        Шілде айының 21-25 күндері аралығында Шығыс Қазақстан облысының өнер майталмандары халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесіне орай Астана қаласында өз мерекелік бағдарламасын ұсынды. «Бәйтерек» монументі алаңындағы сахнадан бастауын алған концерт, өз жалғасын студенттер саябағында, Этноауыл сахналарында тапты. Шығыс жерінің ыстық ықыласын ала барған Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы өнер ұжымының әнші-артистары өз биігінде өнерлерін халыққа паш етті. Қалың көремен тарапынан білдірілген алғыс пен мадақ таусылмады.

         Бақыт Үдербаева, Баян Сағынбаева, Нұрлан Көшеров, Мапруза Утуленова, Қадылбек пен Маржан Омаровтар, Гүлдана Ноғайбаева, Берік Омаров, Зинура Абдолдинова, Бақытжан Сибанбаева, Асем Балташева сынды филармония ұжымының өнер саңлақтарымен қатар, ұжымның бүгінгі тынысы болып саналатын Нурлан Тутунов, Парасат Отан, Жасұлан Тәжиев, Айнұр Асқар, Кеңес Сейтхан, «Шығыс» квартеті, «Тұмар» би тобы, Іңкәр Тлеуғалиқызы, Даурен Абенов, Айгерім Тоқтыбаева, «Ай-Нұры» би тобы, Мадина Нургазина, Ербол Тұрғазиевтар құрмет пен қошетке ие болды.

        Мерекелік концерт облыстың өнер саласының үздіктерінің қатысуымен «ЕХРО-2017» көрмесінің орталық сахнасында «Шырайлы Шығыстан атағы асқақ Астанаға» атты атаумен халыққа жолданды. Бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған көрмеден, барша ұжым шалқар шабытпен оралды.

  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Өнердің қос қанаты» атты 1-ші республикалық ән-фестивалі өтті

2017 жылы 5 шілде күні сағат 20.00-де Семей қаласының Орталық алаңында халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесі мен Астана күніне орай, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен Ұлы даланың сырлы сазын әнмен жеткізген композиторлар Теміржан Базарбаев пен Бекен Жамақаев атындағы «Өнердің қос қанаты» атты 1-ші республикалық ән-фестивалі өтті. Фестивальдің мақсаты-қос композитордың әндерін келер ұрпаққа насихаттап, өнер әлемінде сазгерлердің өміршең әндерімен бірге өсіп келе жатқан талантты әншілердің орындауында халыққа паш ету. Республика көлемінде өткізілген фестивальдің алғашқы шымылдығын ШҚО ІІМ қарамағындағы «5511» әскери  бөлімінің үрмелі аспаптары оркестрі ашып берді. Халықтың аямай соққан қошетімен сахна төріне арнайы қызыл кілемнен өтіп, фестивальдің арнайы қонақтары мен қатысушылары көтерілді. Фестиваль қонақтары ретінде Қазақстанның эстрада жұлдыздары Жеңіс Ысқақова және Мирас-Құралай Бекжановтар шақыртылған болатын. Сондай-ақ, фестивальде Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарынан іріктелген өнерпаздар және әр облыстың мәдениет басқармалары ұсынған әншілері қатыстырылды. Атап айтсақ, Сая Есенгелдинова Алматы облысы Талдықорған қаласы, Серік Рысбек Павлодар қаласы, Меруеш Башайқызы Қарағанды облысы, Нұрбол Шерубаев Үржар ауданы, Нұрбек Өмірбеков Абай ауданы. Жиыны 22 қатысушы ауқымды шарада қос композитордың әуендерін қазақ көгінде әуелетті.

Филармония директоры Адай Зейнолдаұлының айтуынша: «Өскелең ұрпақ үшін бұл фестивальдің маңызы зор. Өйткені, екі композитордың да әндерінде сыршыл тылсым күш бар. Ал бұл жастардың зердесін ашып, өнерге бір табан жақындататыны сөзсіз»,-дейді.

 

              

 

 

 

Өр Алтайдың төрінде салтанатты концерт өтті.

 

Еліміз үшін биылғы жыл тарихи кезеңдерімен есте қалмақ. Әрқайсының мән-мағынасын жете түсініп, халқымызға дәріптей білу біздің міндет. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы «Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл», «Алаш-Орда үкіметінің 100 жылдығы» және «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына орай Өскемен қаласында салтанатты концертін өткізді. Кештің басты мақсаты- ұлттық құндылығымызды ұлықтап, барша жиылған көрерменнің назарына тарихи мерзімдердің аңызы мен маңызын түсінікті ету.

Өр Алтайдың ерке Ертісіне еркелеп, үлбіреген Үлбі өзенін тел емген барша бауырластардың назарына ұсынылған концерттің шымылдығын арнайы қойылған Эволюция... Жер Ана және Адамзат атты музыкалық-хореографиялық композициясы ашты. Кештің  әдемілігіне, шынайылығына енген көрерменнің ыстық ықыласы бірден білінді. Себебі, концерттік бағдарлама тек жанды дауыста өтті.

Бірнеше халықаралық фестивальдердің лауреаты атанған «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлан Көшеровтің сондай-ақ, бірнеше республикалық конкурстарының лауреаттары атанған Камила Туканова, Әйгерім Тоқтыбаева, Әйгерім Ашировалардың орындаған әндеріне халық тәнті болды. Концерттің шырайын «Тұмар» би ансамблінің орындаған «Біржан-Сара» биі одан әрі ажарландыра түсті. Қадылбек, Маржан Омаровтардың «Кербез» фольклорлы ансамблінің сүйемелдеуімен орындаған әнін халық тына тыңдады.

Елдің көзайымдарына айналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баян Сағынбаева, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мапруза Утуленова мен Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Гүлдана Ноғайбаевалар осы кеште өнер биігінен түскен емес.

Даламыздың ұлылығын, кеңдігін, дархандығын әнге қосқан «Шығыс» квартеті мен Мадина Нургазинаның әнін халық жылы қабылдады. Дәстүрімізден ажырамай домбыраның шанағынан тамылжыта орындалған дәстүрлі әндер көрерменнің сағынышын бір сейілтті. Ал, «Гаухартас» тобының орындаған әнінен  арулардың сезімталдығы мен нәзіктігін сезінді жұрт.

Әр шырқалған ән жиылған көрерменді қанаттандырмай қоймады. Еліміздің егемендігінің арқасында елге жолданған өнер әрдайым биік болғай! Тарихымыз айтулы мерзімдерімен толығып, қазақ көгінде, қазақ әні мәңгі қалықтасын!

 

                                                                        

 

Моңғолия еліне  сапар 

123

Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония ұжымы 2017жыл наурыз айының 16-22 күндері аралығында Моңғолия елінің елшілігінен арнайы шақырту алып, «Жаса, жайна Әз-Наурыз» атты концерттік бағдарламасымен барып қайтты.

Алып асқар Алтай тауын егіздей болып, тел емген кеңқолтық Моңғол халқымен Қазақ елінің достығының дәлеліне, ынтымағының айғағына, екі ел арасындағы сарқылмас достық байланысқа 25 жыл толып отыр. Осыған орай филармония ұжымы мекерелік концерттік бағдарламасымен Моңғолия елінің Баян-Өлгий аймағында, сондай-ақ, ел астанасы Ұлан-Батыр қаласында болды. Екі ел арасындағы достық, тәуелсіздік алған жылдары бекіп, күні бүгінге дейін мәдени байланыс сабақтастығын жалғастырып келеді.

Осы ретте еліміздің шашбауын көтеріп барған сахына саңлақтары Қадылбек пен Маржан Омаровтар, Гүлдана Ноғайбаева, Жасұлан Тәжиев, Айнұр Асқар, Айгүл Каримова, Парасат Отан және Іңкәр Дюсуповалар  моңғол халқының көзайына айнала білді.

Мемлекетаралық татулықты қолдап, өнердің аласармауын мақсат еткен қос елдің өнерпаздары достықты нығайтып елге шалқар шабытпен шығармашылық ізденіспен оралды.

 


Моңғолияға сапар

123

       Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы ұжымы 2016 жыл  қараша айының 23-29 күндері аралығында Баян Өлгий аймағына іс-сапармен барып қайтты. «Алтын жұлдыз орденді музыкалы-драма театрының» 60-жылдық мерейтойына шақырту алған өнер ұжымы өнер биігінен көріне білді. Ортақ мұра-өнер болып табылғандықтан, екі ел арасындағы қарым-қатынас одан ары нығая бермек.

      Театр тарихы тереңде. 1956 жылдан бастап түңдігін түрген өнер ұжымы бүгінде толағай табысымен танылып отыр. 1956 жылы құрылған қазақ ұлт аспаптары оркестрі өнердің қарышты дамуына өз септігін тигізген еді. Бүгінгі күні ұжымның көркейіп қалыптасуына сүбелі үлес қосып келе жатқан азаматтар да аз емес. Моңғол елінің халық әртістері Цэндээхүү, Дамдинсүрэн, Цэрэндорж, Сэвжид, Доржпалам сынды әншілер ұлттық мәдениетін насихаттап, өзіндік белестен түскен емес. Сонымен қатар, Қ. Тастанов, З. Жорабаева, М. Ахмадиева, А. Мырзабеков, М. Әубәкіров, К. Камаровтар да өнер шыңын бағындырып келеді.

     Кештің өз деңгейінде өтуі үшін Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының әншілері де әннен шашу шашып, халықтың көзайымына айналды.  

      Өнердің игілігіне еңбек етіп келе жатқан Баян-Өлгий аймағының «Алтын жұлдыз орденді музыкалы драма театры» ұжымы құрмет атаулының бәріне лайық. Мемлекетаралық татулықты қолдап, өнердің аласармауын мақсат еткен театр ұжымына алғысын білдірді.

 


Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивалі өтті.

 

12

 2016 жылдың 5-7 қазан  күндері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласында Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивалі өтті. Бұл байқауға шығыстың шашбауын көтеріп, әнші Айдын Өмірбеков қатысты. Халықаралық деңгейде өткізілген бұл байқауда Айдын Өмірбеков жақсы өнер көрсетіп, әділ-қазылардың шешімі бойынша «дипломант» дәрежесін қанжығасына байлап қайтты.

 


«Шұғылалы Шығысым» 

8-9 қазан күндері Ел Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының күндері өтті.

«Хан Шатыр» сауда орталығының алаңында ұйымдастырылған филармонияның екі күнге созылған «Шұғылалы Шығысым» атты концерттік бағдарламасы, қала тұрғындары мен қала қонақтарына тек көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді.

 


Жаңа маусымға жаңа жетістіктермен...

 

Еліміз егемендік алғалы бері, өткенімізді жақындатып, өшкенімізді жаңғыртып, халқымыздың бай мұрасының көзін ашты. Тамыры тереңге бойлаған мұралардың бірі-өнер. Өнерді бағалап, бағамдай білетін шығармашылық ұжымдардың алдыңғы қатарында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы тұрғандығы сөзсіз. Дәл осы қара шаңырақ қазан айының 29-жұлдызында 71-маусымашар концертін өткізді.

Бабалардың арманы, аналардың тілегі болған тәуелсіздік жиырмасыншы ғасырдың аяқталар тұсында біздің маңдайымызға дарып, алақанымызға қонғандығы белгілі. Сондықтан да, аталмыш шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

Кештің шымылдығын халықаралық фестивальдерінің лауреаты «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрі ашты. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен халық аспаптары оркестрларының халықаралық «Жұбанов көктемі-2016» фестивалінде «Бибігүл» оркестрі ІІ орын иеленіп, лауреат атағымен оралған болатын. Ашылу маусымының ажарын Бақыт Үдербаева, Баян Сағынбаева, Гүлдана Ноғайбаева, Қадылбек және Маржан Омаровтар сынды күміс көмей дүлдүл әншілер әндерімен әуелетіп, мың бұралған бишілер биімен аша түсті. Сондай-ақ, бірнеше республикалық конкурстардың лауреаты Әйгерім Тоқтыбева, Әйгерім Қалихановалар да өнер биігінен көріне білді. Бұл ретте осы кеште өнер көрсетіп, қалың көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Кербез» фольклорлы ансамблін атап өткен жөн. Өйткені ансамбль биылғы жылдың шілде, тамыз айларында Португалияда өткен Әлем елдерінің «Мәдениет және дәстүр» атты екі бірдей халықаралық фестиваліне қатысып, күллі қазақ өнерін дәріптеп қайтқан еді. Өнер ұжымы сондай-ақ, былтырғы жылы Францияда өткен осы аталмыш фестивальге де қатысқан болатын.

Таланттының бағын ашып, бағыттап отыратын ұжымның үміті ақталып, тағы бір қуанышқа бөленген жайы бар. Дәл осы кеште республикалық «Жас қанат-2016» байқауының «Алтын қанат» иегері  Парасат Отан әннен шашу шашып, қалың көрерменнің қошеметіне бөленді. Естеріңізге сала кетсек, Парасат Астанада өткен ақтық сайыста алты қарсылас арасынан 349 ұпаймен оқ бойы озып шығып, бас бәйгені еншілеген болатын.

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан концерттік маусымашар әр жылда тың жаңалықтарымен толығып отыратыны анық. Филармонияның көркемдік жетекшісі Қадылбек Омаровтың айтуы бойынша, биылғы жылдың атқарылар жұмыстар легі көп. Алдыңғы қатарында Астана қаласында өтетін Шығыс Қазақстан облысы күндерінде осы шығармашылық ұжым өнер көрсетпек. Тағы бір ауқымды шараның бірегейі, 2016 жылдың 1 желтоқсанында қазақтың дәстүрлі ән өнерінің дамуына ерекше еңбек сіңірген Қазақстанның халық артісі Мәдениет Ешекеевтің 80 жасқа толуына байланысты ұйымдастырылып отырған «Ән ғұмыр» атты І республикалық дәстүрлі әншілер фестивалі өтпек. Сонымен қатар,  алдағы жоспарлар қатарында алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапармен шығу тағы бар.

Осылайша, рухани астанамыздың өнер саңлақтарын ұйыстырған шығармашылық ұжым өнерсүйер қауымға тың дүниелерін паш етіп, есті әуендерімен қуанта бермек.

 


Португалия еліне Қазақ өнерін паш етіп қайтты

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                         

 

 

Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының мерей тойлық маусымын сәтті өткізіп, табысты аяқтағаны туралы газет оқырмандарын хабардар еткен болатынбыз. Оның ішінде өнер ұжымы есімін еншілеп отырған әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы КСРО делегациясы құрамында барып, зор қошеметке бөленген Франция еліне сапары да атап өтілген- ді. Ал жуықта филармонияның «Кербез» фольклорлы ансамблі Әлем елдерінің «Мәдениет және дәстүр» атты екі бірдей Халықаралық фестивалі ұйымдастырылған Португалия еліне Қазақстан Распубликасы атынан арнайы барып, өнер көрсетіп қайтты. Бұл жолғы гастрольдік  іссапар құрамында   Нұрлан Төкей, Қадылбек Омаров, Зинура Абдолдинова, Әсем Дүйсенбаева, Динара Тыныбаева, танымал әншілер , ҚР мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Мапруза Өтеленова, биші Айнұр Асқар болды.

-Семейден шыққаннан кейін бізге Павлодар, Ақтөбе  қалаларыныңбишілері , Астанадан үш аспапшы өнерпаз қосылды,- дейді филармонияның көркемдік жетекшісі Қадылбек Омаров, - Ал делегацияны Астанадағы Өнер ұжымының оқытушысы Дәурен Ғылымов басқарып барды.

Жолай Новосибирск қаласына атбасын тіреп, одан соң Мәскеуде болып, Қылыл алаңды аралаған қазақ елініің өнер иелері бұдан соң ұшақпен Испанияның астанасы Мадридке жетеді. Онда ҚР елшілігінің өкілдері қарсы алады. Мадридтің әлемге әйгілі стадионын тамашалап, тарихи орындарды аралаған жерлестеріміз кешкісін автобуспен алты сағат жол жүріп, діттеген мекен- Португалияға табан тірейді.

-Бірінші фестиваль өткізілген Синфайш қаласындағы өнер мерекесіне Қазақстаннан басқа Түркия, Сербия, Эквадор, Аргентина, Калумбия , Панама, Жаңа Зеландия, Португалия елдерінің әншілері мен бишілері, аспапшы – музыканттары ат салысты,- деп алған әсерін ортаға салды филармония директоры орынбасары,  аспапшы әрі әнші Зинура Абдолдинова,- Көрермендер өте көп болды. Бұған бір жағынан көшелердің көрнекті орындарына ауқымды афиша- жарнамаларының көптеп ілінуі де септігін тигізген болар. Ал екінші фестиваль Португалияның алғашқы астанасы Гимарайнш қаласында өткізілді. Кешкі сағат тоғыздан басталған мереке түннің бір уағына дейін ұласты. Осы екінші фестивальда оған қатысқан бес мемлекеттің туы көтерілді. Бірінші кезекті Қазақстан Республикасының алғаны мерейімізді бір өсіріп тастады.

Жалпы дәл осындай өнер тойына біздің еліміз алғаш рет қатысқан екен. Демек, Семейден барған қазақ елінің өкілдері халқымыздың мәдениетін, рухани қазынасын Португалия жерінде тұңғыш рет паш етіп, тарихта қалар тағлымды шараға бастамашы болды.Осымен 39-шы мәрте ұйымдастырылған әлемдік деңгейдегі аса ауқымды мәдени – рухани мерекеге бірінші  болып ат салысқан Семей мемлекеттік филармониясы ұжымының өнердегі мерейі арта түскені анық.

Мұрат Тастағанов, филармонияның әдеби бөлім меңгерушісі.

 


«Жас қанат-2016» жас әншілер республикалық байқауының жеңімпазы анықталды.

parasat

«Жас қанат-2016» байқауының жеңімпазы анықталды 22 05 2016 22:04 289 16news.kz «Жас қанат-2016» жас әншілер республикалық байқауының жеңімпазы анықталды. Астанада өткен ақтық сайыста алты қарсылас арасынан 349 ұпайпен семейлік өнерпаз Парасат Отан оқ бойы озып шықты. Құлақ құрышын қандырар дауысымен ерекшеленген жас жігіттің бағы жанып, бас бәйгені қанжығасына байлады.

 


 

22-23 сәуір күндері Қазақ кәсіби музыкасының қалыптасуына үлкен еңбегі сіңген, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың 110 жылдығына орай Ақтөбе қаласыда өткен халық аспаптары оркестрларының Халықаралық «Жұбанов көктемі – 2016» фестиваліне Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрі көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Нұрлан Төкей, дирижері Әділет Серікұлы, әншілері ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрлан Көшеров, Серәлі Құсманұлы, Айгерім Тоқтыбаева жақсы өнер көрсетіп II- ші орын иеленіп лауреат атағымен оралды.

Фестивальге Қырғызстан, Берарусь, Түркия, Татарстан, Башқортстан және еліміздің Атырау, Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар қалаларынан 13 шығармашылық ұжым өнер көрсетті. Осы  конкурста филармония әншісі Нұрлан Көшеровқа әр мемлекеттен жиылған әділ қазылар алқасы фестивальдің ең үздік әншісі ретінде танып Халықаралық конкурстың лауреаты атағын берді.

оркестроркесироркестр


«Кербез» франция халқын тамсандырып қайтты

Биылғы тамыз айында Францияда өткен әлем елдерінің «Мәдениет және Дәстүр» атты халықаралық фестиваліне Семей қаласындағы облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының «Кербез» фольклорлы ансамблі өнер көрсетіп, гексагон елін таңғалдырып келді.

Осыдан 90 жыл бұрын Семей өңірінің тумасы, еліміздің мәдени және тарихи болмысындағы ірі тұлға Әміре Қашаубаев Парижде өткен дүниежүзілік көрмеде болған этнографиялық концертке қатысып, тыңдаушыларын тәнті қылған болатын.

Ұлы өнер иесі атындағы филармония 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Франция елінде осымен 140-ыншы рет өтіп отырған әлем халықтарының мәдениеті мен дәстүріне арналған фестивальға қатысып, халқымыздың төл өнерімен таныстырды.

Фестивальға Қазақ елімен қатар Кения, Эквадор, АҚШ, Аргентина, Лаос, Румыния, Колумбия, Индонезия, Италия, Мексика, Испания сияқты елдер де қатысты.

Фольклоршылар фестивалінің ашылу салтанаты Париждан 450 шақырым жерде орналасқан Блан қаласында басталып, Конфоле, Кюганд қалаларында жалғасын тапты. Әртістеріміз күніне сегіз мың көрерменге концерт қойып, халқымыздың құрметтейтін, ежелден келе жатқан дәстүрі «Беташар», «Бесікке салу» рәсімін көрсетті. 

«Кербез» фольклорлы ансамблінің әншісі Мапруза Өтеленованың орындауында «Сәулем-ай», «Бипыл», «Дедімай-ау», «Дудар-ай» әндері шырқалды. Сонымен қатар, хакім Абайдың «Төр жорға» күйі, семейлік композиторлар Кенжебек Алдекеновтің «Жаңа ғасыр» және Рахымбек Ноғайбаевтың «Атамекен» күйлері орындалды. Құрманғазының «Балбырауын» күйі павлодарлық «Шернияз» би тобының мың бұралған биімен көркемделді. Дәулеткерейдің «Қос алқа» күйіне астаналық «Ару-ай» тобының бишілері ұлттық әшекейлерімізді көрсетіп, француздықтарға оның философиялық, эстетикалық мән-мағынасын түсіндіріп өтті. Концерттік бағдарлама соңында халқымыздың буын биі «Қара жорға» биленді.

Фестиваль соңында «Кербез» фольклорлы ансамблінің жетекшісі Гүлбахрам Мұсабекова, дәстүрлі әнші, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев, «Шапағат» медалінің иегері Мапруза Өтеленова, дәстүрлі әнші Алтын Смасейітова, Айжан Салиева, Нұрлан Төкей, Аманғайша Қалиева, Алмагүл Малғаждароваға арнайы сертификаттар табысталды. Блан қаласының мэрі «Кербез» фольклорлы ансамбліне арнайы Блан қаласының медалін және кітабын табыс етіп, қазақ халқына бақ-береке тіледі.

Енді дәстүрлі орындаушыларымыз Бразилия еліне шақырту алып отыр. 

Анар Қуанғалиева,
Семей қаласының мәдениет
және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы
didar-gazeti.kz


Саңлақ сазгер, әйгілі әнші Тұрсынғазы Рахым “ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ” медалымен марапатталды

Дарынды дарын таниды. Еркіндер құрметтеп, ел ардақтаған саңлақ сазгер, әйгілі әнші Тұрсынғазы ағаны енді Мемлекет бағалауы керек еді…

Біздің студент кезімізде, осыдан 35 жыл бұрын Тұрсынғазы Рахымовтың Мұқағалидың сөзіне жазылған “Сәби болғым келеді” әні ел аузынан түспейтін. Ол белгілі режиссер Амангелді Тәжібаевтың сол кезде рухани серпіліс болған “Ақырғы аманат” фильмінің саундтрегіне де айналды. Ал Тұрсекеңнің әні қазақ даласында әуелеп тұрған сол 35 жыл бұрын қазіргі өзінен басқа ешкім айтпайтын бірер әнін айтып, бір клип түсіре салып, “Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағын алып жатқан қаптаған әншілер, сайқымазақтар, шоумендер, журналистің жазып бергенін эфирде оқып бергеннен басқа еңбегін ешкім білмейтін диктор “тележұлдыздар” әлі туылған да жоқ еді…. Олардың кейбіреулерінің еңбегі сіңбей-ақ “…Еңбек сіңірген қайраткер” атағын алып жатқандарына наразылар әлеуметтік желіде шулап та жатыр..

Қазақтың бүгінгі Біржан салы Еркін Шүкіман бауырым, елдің ойындағыны қозғап жібердің, рахмет! Сондықтан біз бұл жазбаны qazaquni.kz сайтымызға салып қойып едік, ( “Өнерге еңбегі сіңген ағалар мемлекеттен құрмет көрмей кете бере ме?!.”,  елдің назары ауып, қолдаушылар көбейіп шыға келді.

Тұрсынғазы ағамыз көптен бері бейдауа ауырумен алысып жатыр екен… Алла шипасын берсін деп тілейік. Бүгін жарқырап келе жатқан жас дарын,  Qazaquni.kz ұлттық порталы бас редакторы Азамат Тасқараұлы бауырым екеуміз ақылдасып, Тұрсынғазы Рахым ағаны  “Ақ жол” партиясы мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы бірлесіп тағайындаған “ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ” медалына ұсындық. Осы орынды ұсынысты  “Ақ жол” партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты, руханиятқа қамқор болып жүретін қайраткер  Азат Перуашев қуана қолдады.

Сонымен, Тұрсынғазы ағамыздың кеудесіне “ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ” медалын тағатын кез де алыс емес.

Дамыған шет елдерде мемлекеттің медальдары мен атақтарынан гөрі қоғамдық ұйымдар тағайындаған атақ, сыйлықтар бағалы болатынын ескерсек, оның үстіне бұл жай медаль емес, Тәуелсіз Қазақ Елінің бастауында тұрған ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 жылдығының құрметіне шығарылған күміс медаль екеніне қарасақ және бұл Тұрсынғазы ағамыз секілді халықтың сүйіспеншіліііігіне бөленген хас дарынға беріліп жатқанын ойласақ, онда бұл марапатымыздың бағасы жоғары екенін ел білетіні анық.

Бұл сүйінші хабарды алдымен естіген Еркін Шүкіман бауырым өзі алғаннан бетер қатты қуанып, зор разылығын білдіріп, рахмет айтып жатыр.

Елеусіз қалып бара жатқан ерекше өнер иесіне ел назарын аударған саған рахмет, әнші бауырым Еркін Шүкіман!

Бұрыннан белгілі болғандай, бейталанттар бізсіз-ақ дегеніне қол жекізеді. Сондықтан, Нағыз дарындарды уақытында бағалай білейік.

Қазыбек ИСА,
“Ақ жол”партиясы төрағасы орынбасары,
“Қазақ үні” газеті президенті.
qazaquni.kz


Семейде I Халықаралық «Түркі мұрасы» дирижёрлер фестивалі өтті

Өнер бәйгесі Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 70 жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған.

Оған Ресей, Қытай, Моңғолия сияқты шет елдерден және барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларынан үздіктер қатысты. Қонақтар алдымен Әміре Қашаубаев ескерткішіне гүл қойып, әйгілі қазақ әншісінің рухына тағзым етті. Мұнан кейін дирижёрлер өздері дайындап әкелген 2 шығармасын жергілікті оркестрмен ойнап, көрерменді шаттыққа бөледі. Әсіресе Ресейдің Алтай Республикасы мен Моңғолия, Қытай елдерінен келген халық шығармалары жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

Смағұл Бөденбайұлы, ҚХР І дәрежелі дирижері:

- Қайрақбайдың «Молқоңыр» күйі мен Әшімнің «Күй басы» күйін дайындап, оның сыртында бір ән дайындап отырмыз. Өте қуаныштымыз. Мәдениетті осылай жалғастыра берсе деген тілектеміз. Осы жатқан келіп жатқан мықты-мықты дирижёрлерді көріп, сабақ алып жатырмыз.

Жанас Бекентұров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Фестивальдің өтуі осы мына, Семей филармониясындағы оркестрдің өсуіне үлкен ықпалын тигізеді деп есептеймін. Өйткені соңғы 2-3 күннің ішінде бұл оркестр ойнамаған шығарма жоқ. Әрбір дирижер өзімен бірге 2 шығармасын алып келіп, ойнатып жатыр.


«Алтын Домбыра» жүлдесін алды

Кербез Көкше топырағында дүниеге келіп, қазақ өнерінің жарық жұлдызына айналған белгілі сал–серілер Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ сынды ұлы әнші – композитор, ақындардың асқақ шығармаларын кеңінен дәріптеп, халқымыздың төл өнерінің бірі – дәстүрлі әншілікті жаңғырту әрі осы киелі мұраны кеңінен насихаттау мақсатында Көкшетау қаласында әншілердің байқауы өткен еді. Ақмола облысының мәдениет басқармасы ұйымдастырған осынау Балуан Шолақтың 150 жылдығы мен Біржан салдың 180 жылдығына арналған дәстүрлі әншілер бай­қауына Шығыс Қазақстан облы­сының аманатын арқалап, Әміре Қашаубаев атындағы Семей мем­ле­кеттік филармониясының әншісі Бақытжан Түктібаев қатысты. Әнші Бақытжан Шоқанұлы бұл байқауда Біржан салдың «Бурылтай», Балуан Шолақтың «Дүние», Әсеттің «Қара көз» атты әндерін нақышына келтіріп орындапты. Сөйтіп, 40 үміткердің арасынан топ жарып, «Алтын домбыра» иегері атанып, лауреат атағын жеңіп алды.

– Өнер әлеміне қанат жайып келе жатқан әншінің алғашқы басқышы дұрыс болуы тиіс. Әншіге берілген тәлім-тәрбие, өнерпаздың дауысын тәрбиелеуді бірінші кезекке қоямын. Әншілік өнерді қалыптастырып, берілген бағыт-бағдарды дұрыс меңгеріп, оны әрі қарай табиғат берген өнерімен ұштастыра алған әнші сахнада еркін самғай алады, – деген Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармо­ниясы­ның басшысы Адай Азаматов өнер ұжымы атынан ел үмітін ақтаған Бақытжанның еңбегіне жеміс, өнеріне жарқын болашақ тіледі.

Раушан Нұғманбекова
egemen.kz


Әміренің Әншілігін Әспеттеді

Қазақтың ұлттық театрының негізін салушылардың бірі, қазақ әнін Париж төрінде асқақтатқан әнші Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауы алғаш рет 1980 жылы өткенін біреу білер, біреу білмес. Сол байқаудың тұңғыш жеңімпазы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Үдербаева Қазақстан-Ресей университетінің жанынан құрылған «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығында қонақта болып, Астанадағы өнер иелері, оқу ордаларының ұстаздары және оқушыларымен кездесті.

«Қолтаңба» атты арнайы айдар­ ая­сын­да өткен сыр сұхбатты ашқан орталық директоры Алмахан Мұха­мет­қалиқызы Әміре Қашау­баев­тың өнердегі жолына тоқталып, оның шығармашылығын насихаттаушы­ Бақыт Үдербаеваны жиналған қау­ым­ға таныстырды.

Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкір­ті Бақыт Үдербаеваға 1969 жыл­дан бері Әміре Қашаубаев атын­дағы Семей филармониясында табан аудармай еңбек етіп келеді. Бүгінге дейін Қазақстанның түкпір-түкпірін аралаған әнші Моңғолия, Қытай, Румыния, Түркия, Ресей секілді алыс-жақын шетелдерде қазақ әнін насихаттады. Сонау 1975 жылы Бүкілодақтық ән байқауының лауреаты атанған демі бөлек, дауысы ерекше әнші осы күнге дейін тыңдармандарын тамсантып келеді. Астанадағы кездесуде ол Болат Сыбановтың «Ғашықтар» термесін, Сегіз серінің «Жиырма бес», Ақан серінің «Балқадиша» әндерін орындап, дауысының қарымын танытты.

Көрермендердің тарапынан сөз сөйлеп, өнерлі қонаққа ізгі лебіздерін білдергендердің арасында болған ақын Ерғожа Тілепбердиев жырдан шашу шашты. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарғы танымал «Қаракөз» ансамблінің мүшесі, композитор Ахмедияр Есмұханов ансамбльдің репертуа­ры­нан бірнеше әнді салды. Қазақ­стан – Ресей университетінің прези­денті Марат Молдахметов әсерлі кеш сыйлағаны үшін Бақыт Үдер­бае­ваға алғысын жеткізді. Тарихшы Жұмамұрат Шәмші руханият мәселесін қозғады. Ең соңын­да, «Абай нұры» өнерлі жас­тар клу­бы­ның мүшесі Нүриләш Әбзел­хан­қы­зы ауылдың алты ауызына салып, клубтың төл туындысы – «Жүздесу» әнімен кездесуге нүкте қойды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ
astana-akshamy.kz


Толғанбай Сембаев, дәстүрлі әнші:
- Ән құдіретін Мәдениет ағамды тыңдап жүріп түсіндім

Толғанбай Сембаев - Арқа әншілік мектебін аса шебер меңгерген, елімізге танымал дәстүрлі әншілердің бірі. Ол бүгіндері Семей филармониясында қызмет істеп жүр. 

Ауылымыздан талай таланттар шықты

-Тарбағатайдың Ақшоқы ауылында тудым. Балалық, балғын шақ осы ауылда өтті. Табиғаты аса бір тамылжып тұрмаса да, мен үшін осы ауылдың қия-қиясы, ана бір қоңыр жоталары, менмұндалаған Тарбағатайдың қоңыр сілемдері аса ыстық. Жалпы, қазақ даласының қай бұрышы да біле-білген кісіге қазыналы өлке емес пе?! 
Аякөзден 80 шақырым қашықтықта жатқан біздің ауыл бұрынғы «Тарбағатай» кеңшарына қарайды. Өкпеті-Қызылтас баурайында жатқан шағын ауылда 300 үй болған, орта мектебінде 700 бала оқыған. Қазір де, құдайға шүкір, жағдайы жаман емес. Ауылды ұстап отырған орта мектебі, ауруханасы бар. Осы аядай Тарбағатайдан Тұрсынғазы Рахимов, талантты ақын Серікзат Дүйсенғазы, опера әншісі Жұпар Ғабдуллина, тағы басқа да таланттар шықты.

Біздікі де кәдімгі кеңес заманында өскен ауыл баласының кітапқа жазылып қойғандай сайрап жататын өмірбаяны: ауылдағы онжылдық мектепті бітірдік, ауылда жұмыс істедік, кеңес әскерінің қатарында екі жылдық азаматтық парызымызды өтедік, қайтадан ауыл шаруасына араластық.

Жиырманың үшіне тақаған кезімде, 87-ші жыл Елебеков атындағы эстрада студиясына оқуға түстім. Әйгілі әнші Қайрат Байбосыновтың класында оқыдым. Қайрат аға мен марқұм Жәнібек Кәрменов екеуінен дәріс алдым. Арқаның әндерін қалай айту керектігін сол ағаларым жеріне жеткізіп үйретті. Арқа дегенде, Қызылжар мен Көкшетау әні, басында Ақан сері, Біржан сал мен Иманжүсіп тұр,- Кереку әні деп Жаяу Мұса, Жарылғапбердіні айтамыз. Естай, Байғабыл, Майра сияқты атақты әншілер де осы санатта. Бірінен-бірі өтеді.

- Алматының атақты ән студиясын бітірген соң, бірден Семейге келдің бе?

Негізінде Жезқазғанға жіберген. «Дәм айдаса, қалмайсың....», деген. Жезқазғанның дәмі тартпады білем, туған еліме оралдым. Кейін ойлаймын, Семейге келмесем, қазіргі әжептәуір жеткен биіктіктегі әнші болмас па едім. Семейдің әншілік мектебінің де шоқтығы аса биік. Ұлы Абайдың әндерін таратқан Әлмағамбет мектебі, Әміре Қашаубаев үрдісі. Бұл Семейде кешегі атақты Жүсіпбек Елебеков, Иса Байзақовтардың өшпес іздері жатыр. Биік талғамды өнер ордасы. 

Жүсекеңдер ізі қалған Семей шаһарында кейіннен Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Санақ Әбеуов, Келденбай Өлмесеков сол ұлы өнерді киелі топырақта жалғастырды. Дәстүрлі әннің бүгінгі қазақ әлеміндегі ең үздік өкілдері Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали да - осы топырақтан түлеп ұшқан әншілер. 

Негізі, далада өскен қазақ баласының бәрі ән айтады десек те, бұлардың ерекшелігі, оларға бұндай дарынды табиғат сыйлаған. Екіншіден, ұстаз алдын көрулері. Қайсыбір жылы Мұхтар Мағауин ағамыз Семей жақта өткен бір үлкен шараға келді. Кешкі самалмен киіз үйдің алдына шығып тыныстап тұрғанымызда, әлгіде киіз үйде салған әнімді тыңдаған ол кісінің мені жанына шақырып алып:

- Ең қиыны - киелі өнерге ие болу. Бәрінен сол өнерді ұстап тұру қиын, - дегені әлі күнге дейін есімде жаңғырып тұрады. Һас қаламгер ағам айтқандай, менің түсінігімше, ән өнері де асау ат сияқты, жалынан айырылсаң, ұшып түсіп құладым дей бер, ұстап айырылмай қалсаң – қаласың.

- Кешегі Мәдениет, Болат, Санақ ағаларыңмен қатар жүрдің ғой...

- Эстрада студиясын жаңа бітіріп келген кезім. Әнді Қайрат ағамша айтады екенмін. Мұны алдымен аңғарған Мәдениет ағам: «Қарға асылған трәктірдей асылып тұрасың, созып айтасың. Сенің даусың тенор ғой, ширақ болуы керек»,-деп дұрыс жолға түсірді. Ән құдіреті дегеннің не екенін Мәдениет ағамды тыңдап жүріп түсіндім десем болады. Бір айтқанда 15-20 әнді айтып тастаушы еді. Және айтқанда, жан-тәнімен, әр әннің ішкі сыр-құбылысын ашып айтады. Ән табиғатынан хабары бар адамдар мұндай ғажайып орындаушылыққа таң-тамаша қалушы еді. Әттең, бүгінде іздеушісі жоқ қой Мәдениет ағаның! 

Мәкең Ғарифолланы, Манарбек Ержановты аузынан тастамай айтып отыратын. «Манарбектің алпыс жастағы дауысының өзі ғажап!», - еді деп. Ешекеевтен бір күні Жүсекең, Жүсіпбек Елебеков сұрайды: «Сен осы Манарбекті естідің бе?», - деп. Алматыға жаңа келген бұ кісі Манарбектің жанды дауысын естімеген. Содан бір күні «Қазақконцертке» апыл-ғұпыл кіріп барады. Диванда бір кішкентай шал жатады күйкентайдай болып. Менсінетіндей кісі емес. Сөйтсе, Манарбегің – сол. Ал енді сахнаға шыққанда көрсең! Жаңағы бір уыс болып жатқан шал мен мына әншінің арасы жер мен көктей. Әнді шырқап қоя бергенде, залдың іші айқай-ұйқай риза-хош дауысқа толып кетеді екен.

Сөйткен Мәдениет ағамның өзі бір жатқан шексіз өнер дүниесі ғой, шіркін. Жүсекең «Көзімнің қарасын» радиодан «Құдай-ай, күн бар ма, көңілім бір тынар», - деп айтқыздырып, үйінде отырып тыңдап бір риза болған екен. Ол кезде «Құдай-ау» деп шырқау мүмкін бе еді?!
Қайым ағаның сөзі бар: «Мәдениеттің ән салғанын естісем, сонау 20-шы жылдар есіме түседі, Жүсіпбектей әнші болу үшін соның заманында туу керек», - деген.

Болат Сыбанов қандай еді! Дауысы керемет жоғары, қайыстай өрілген қалың тенор. Бұл кісі Италияда туып, оқып-тоқыса, Павароттидің нағыз өзі болар ма еді?! Асқан талантты әнші. Таспаға жазылған дауысын естігенде, күні бүгінге дейін таңғалып тыңдаймын. Мұндай дауысты мен әлі күнге дейін жолықтырған жоқпын. Елінің, халқының әніне деген құштарлығы солай айтқызды ма, әлде арқасы болды ма, әнді сахнадан сағаттап тұрып салушы еді. Ешекеевтің жанында бес жыл, Сыбановтың жанында бірер жыл жүрдім. Кезінде осы асқан талантты екі әнші-ағамның көзін көріп, қасында болғаныма өмірбақи тәубе деймін.

Бұл өнер атадан ауысқан сыңайлы...

- Әншілік талантыңның төркіні қайда жатыр деп сұрасақ.

Ауылда тамаша көркемөнерпаздар үйірмесі болды. Атадан ауысқан әншілік өнер дегенге келсек, әкемнің 1922 жылы туған інісі Асылхан ағам Әсеттің әндерін тенор, ашық дауысымен нәшіне келтіріп айтатын. 1978 жылы қайтыс болды. Осы кісіні бүгінгі елге танымал әнші Тұрсынғазы Рахимов менің алғашқы ұстазым деп қатты қадірлейді. Дауысы тыңдағанда кәдімгідей арқаңды шымырлататын.

Әкем Тоқтаған 1917 жылы туған. Қиссаларды жатқа айтатын. Әсіресе, «Ағаш атты». Шамамен жүз шумақ қой, соны толықтай мақаммен айтып шығады. Тегі бұл қиссаны Әсет таратқан. 1999 жылы өмірден озды. Тойдың әншісі болды. Осындайда есіме түседі, жазушы Төлен Әбдіковтің «Әке» деп аталатын әдемі повесі бар. Соны оқығанда, ылғи өзімнің әкем ойыма оралады. Сол заманның шалдары сықылды біздің шалдың да бір басына қыңырлығы мен қырсықтығы жетіп артылатын. Ауылда Тазабек деген мұғалім болды. Бастауыш сыныпта сабақ берді. Алты-жеті бала оқимыз. Сол азғана баланың ішінде тентегі мен едім. Бір күні мектептің жанынан әкем атқа мініп өтіп бара жатты. Басында қалың тұмақ, аяғында саптама етік. Тазабек мұғалім әкемді «Тоқа!» деп айғайлап шақырып алды. Әкем таяп кеп ат үстінен түспей, сәлемін алды. «Тоқа, - деді мұғалім,- мына балаңыз тентек. Мына түрімен көшпейді!». «Көшпесе қойсын. Арбамен көшіріп аламын», - деп қиқар шалым атын тебініп жүріп кеткені.

- Әдебиетті сүйіп оқитыныңнан хабардар едік. Осы тақырыпқа тоқталсаң.

- Әдебиетті бала кезімнен жақсы көрдім. Орыс әдебиетін көп парақтадым. Толстой, Тургенев, Лесков, Бунинді, Бальзакты ұнатып оқыдым. Қазақ әдебиетінде Қалихан Ысқақовтың, Төлен Әбдіковтің, Тынымбай Нұрмағаметовтің қаламгерлік һас шеберліктеріне тәнтімін. Адамның ішкі дүние-қатпарын қалай ашады шіркін осы ағаларым!

- Теледидардан «жұлдыздар» жыпырлап тұратын кезге тап келдік-ау, осы...

- Қазіргі ән орындаушылардың көбіне көңілім толмайды. Нағыз әншілердің, халықтың әні эстрадалық әндердің көлеңкесінде қалып жатыр. Әнші әнді «тірі» дауыспен айтып жатыр ма, ол ән халық құштарлығынан қаншалықты шығып жатыр, осы жайдың мәнісі жан ауыртады.

Қасиетті Семейім аңсатып тартты да тұрды

- Мына дәстүрлі әншілер класыңыз тәп-тәуір жабдықталған екен. Бұған дейін мына қалалық Мәдениет үйінде мұндай арнайы жабдықталған кластар болмаған сияқты еді.

- Іргесі қаланғанына биыл 70 жыл толатын филармонияңыз да осы Мәдениет үйінде орналасқан. Дәстүрлі Арқа әндері класының ашылуына директорымыз Нұриден Иманбаевтың көмегі көп тиді. Нұриденнің өзі де әнші ғой. Мәселенің мән-жайын жақсы түсінеді. Талапкер жас әншілер келеді алыстан, қаладағы колледж студенттері, жас таланттар келеді. Кітаптар, дискілер бар. Дәстүрлі әншілік мектептің өзі колледжде қосымша сабақ ретінде жүрді. Облыс әкіміне осы мәселеде көмек беруін сұрап хат жазғанбыз, барған хатқа қол қойып, бұдан былай колледждің тиісті бөлімін бітіргендер «Дәстүрлі әнші» деген диплом алып шығатын болды.

- Толғанбай, осы қайсыбір жылы «Толуды Көкшетау жағы аттай қалап алып кетіпті, қолдағы алтынымызды бағаламадық», - деген сөздер желдей ескені бар. Көкшетауда да біраз жылдар қызмет атқарып қайтқан жайың бар емес пе?

- Көкшетауға сол өлкедегі өнердің басында жүрген азаматтар шақырды. Көкшенің өзі де өнерпаздар елі ғой. Біржан сал атындағы ән мектебінде сабақ бердім. Қазақтың белгілі ақыны, жазушы Төлеген Қажыбаев ағамның маңына топтасқан қалың өнерпаз қауымның ішінде жүрдім. Төлеген аға - Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Балуан шолақ сынды қара халықтың ішінен жарып шыққан өнер дүлдүлдері туралы жазылған «Төрт таған» деген тамаша зерттеу кітаптың авторы. Көкше жерінде бір жылдай уақыт тұрдым. Бес шәкірт тәрбиеледім. Дегенмен, расын айтқанда, жерсінбедім. Қасиетті Семейім аңсатып тартты да тұрды.

- Қытай еліне сапарлап барып қайтқаныңды естідік...

- Алысқа ұзаған жоқпыз. Бір апта Шәуешектің маңында болдық. 2006 жылы Қытайдың алты үлкен қаласы мен өңірін емін-еркін аралағанбыз. Қытай қазақтарында Біржан, Ақан сері, Әсет әндері кеңінен тарағанын сол жолы көзіміз көрген. Бірақ оларда біздердегідей мектеп жоқ. Біздің елдің консерваториясын бітіріп, сол Қытайға қайтып барып жатқан қазақ жастары ол жақтағы өнер деңгейін көтереді деген үміттемін.

- Сапар дегеннен шығады, қазір гастроль жайы қалай?

-1992-ші жылға дейін гастрольге толассыз шығып тұрдық. Ол сапарлардың мағынасы, берері ерекше еді ғой. Бұндай сапарлардың өз заңдылығы бар. Тыңдаушы алдындағы жауапкершіліктің не екенін айрықша түсініп-түйсініп қайтушы едік.

Өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші, 80-ші жылдары қазақ әдебиетінің, қазақ ән өнерінің күрт биік көтерілген кезеңі еді ғой. Ол кезде ауылға концерт келгені - бір ұлы той. Оған бармай қалу – күнә. Пәленше деген әншіні, шіркін-ай, бір көрсем болды деп құштарлықпен барасың ол концертке. Қазіргі ауылдан ол құштарлық баяғыда көзден бұл-бұл ұшқан. Ал енді, отансүйгіштік неден басталады? Әр қазақ өз өнерін, өз өлеңін, қысқасы, руханиятын құрметтесе, тек сонда ғана қазақтың ғұмыры ұзақ болады. Қазақ руханияты - қазақтың өзегін жарып шыққан өз үні, асыл арманы, асқақ мұраты, қуанышы, мұңы, жүрек тебіренісі деген сөз.

Сұхбаттасқан – Сайлау Төлеуов
didar-gazeti.kz


Көрерменім «Махамбеттің термесін» айтқызбай жібермейді

Бақыт ҮДЕРБАЕВА, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері:

Қазақ әнін қалықтатқан дарындар аз емес. Олардың қай-қайсысы да осынау өлмес өнерді бір белеске шығарып жүргені даусыз. Сол дарынның бірі – елге танымал әнші, семейлік Бақыт Үдербаева. Біз бір орайы келгенде, өнер иесімен әңгімелескен едік.

Әміренің алғашқы байқауы менің жолымды ашты

– Сіз ертеректе берген бір сұхбатыңызда маған өнер нағашы атамнан дарыған деген екенсіз. Соны тарата айтып беріңізші.

– Ол рас. Шешемнің әкесі Қожабай деген нағашы атам Қытайдың Шәуешек қаласында әкімдік қызмет атқарған, айналасына аса беделді, халқына жақын, сері адам болыпты. Шешем Биғасыл да әнші, ақын болған еді. Ол жарық дүниеге әкелген 11 құрсақтың барлығына өнер қасиеті да-рыған, алайда, сахнада жүрге-ні – мен ғанамын. Әкем сол өңірдің мыңғырған түйе біткен бай адамы екен. «Түйелі бай» атанған, алып денелі, үлкен қоңыр торы жорға аты болған, асқан қамшыгер еді. Несін жасырайын, өнерді ұнатпады. Соған қарағанда, мен өнер бұлағын нағашы жұртымнан алғанға ұқсаймын.

– Сіз батыс әншілік мекте-бінен, халық әртісі Ғарифол-ла Құрманғалиевтан дәріс алыпсыз, алайда, Арқаның дәстүрлі ән мектебінің орындаушысыз. Сонда қос мектепті тел меңгергеніңіз бе?

– Тегінде мен – батыс мектебі әндерінің орындаушысымын. 1969 жылы студияға алғаш түскенде, дауыс диапазоным жоғары болғандықтан, Ғарифолла ағаның өзі таңдаса керек. Ғарекеңнің темперамен-ті өте жоғары еді, орындаған әндері де сондай жігерлі, ырғақты-тын. Ол шәкірттерін де солай тәрбиеледі. Менің алғаш үйренген әнім – «Махамбеттің термесі» әу бастан-ақ мінезіме қонғаны бар. Термені көп орындадым. Мақтымқұлының «Дүние туралысын», Сүгірдің толғау-термелерін және Мұ-
хиттың барлық әндерін орын-дағаным рас. «Зәуреш» «Айнамкөз», «Айдай» менің ән қоржынымнан әлі күнге дейін түскен емес. Ал өнер жолын Семей филармониясында бастағанымда, Арқа әндеріне баса мән бердім. Бірақ, 40 жылдан асатын сахналық ғұмы-рымда республиканың қай түкпіріне барсам да, көрерме-нім «Махамбеттің термесін» айтқызбай жібермейтін.

– Сіздің үлкен сахнада алған алғашқы қомақты жүлдеңіз сол кезде республикада тұңғыш рет өткен Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың бас жүлдесі екен...

– Ашығын айту керек, тоталитарлық жүйе кезінде Әмі-редей ұлы әншінің атында дәстүрлі әншілер байқауын өткізу сол кездегі Мәдениет министрлігінің көзсіз ерлігі болатын. Ұлттық операның мақ-танышы Байғали Досымжанов бастаған қазылар алқасы байқауды әділетті өткізді. Сол кездегі мына бір оқиға әлі есімнен кетпейді. Кезегім келіп, сахнаға шықсам, көрермендер залының дәл артында, бізге қарсы Әміре атамыздың үлкен портреті ілініп тұр. Байқау шарты бойынша берілген бес әннің алғашқысын орындап болғанымда, байқамай алдымда тұрған микрофонның басын жұлып алғаным. Шошып кетіп, басымды көтерсем, елес пе екен, дәл алдымда тұрған Әміре атам: «жалғастыра бер» деп, басын изегендей болды. Қалған төрт әнімді барымды сала шырқасам керек, зал толы көрермен арасынан: «мынау Қабанбайдай қыз ғой» деген сөзді құлағым шалды. Бабаның аруағы қолдады ма, кім білсін, сол жолы бас жүлде маған бұйырды. Семейден барғандардың ішінде марқұм Келденбай Өлмесеков екеуіміз олжалы қайттық. Сол алғашқы байқау тұмшаланып жүрген талай таланттың бағын ашты, бүгінде олардың көбі – қазақ 
ән өнерінің майталмандары.

Сахнаның киесі бар ғой...

– Бақыт Жәкулақызы, осы әңгіменің жалғасы болсын,бүгінде өтіп жүрген дәс-түрлі Әміре Қашаубаев бай-қауының деңгейі қандай? Кейінгі толқын әншілерге көңіліңіз тола ма?

– Бүгінгі толқынның аға тол-қыннан айырмашылығы – жер мен көктей, ол әншілер оқыған, білімдері жоғары, ән техникасын жете меңгерген. Осы тұр-ғыдан келгенде, болашағымыз зор, үміт мол. Байқаудың дең-гейі де жыл өткен сайын артып келеді, бірақ сол таланттардың барлығы бірдей өнер жолына бармайтыны көңіліме қаяу салады. Көбінің той-томалақтан аспай қалатыны қынжылтады. Олардың біразының нағыз сахнада шыңдалғанын көргенім жоқ, оның үстіне сахна этикасын мүлде сақтамайды, сахна-лық киім кию мәдениетінен жұрдай. Ал нағыз әртіс сахна-ның көркі болуы керек. Заман-ның талабы шығар, олар қа-лайда ақша табудың жолын іздейді. Шоу-бизнеске бет бұр-ғандары жөн делік, бірақ алаяқ болып, көрерменін алдаудың қажеті қанша? Дәстүрлі әнші-лердің осылай кетіп бара жатқанына қынжыламын. Ал бүгінде өзімнің соңымнан еріп келе жатқан бауырларым Толғанбай Сембаев пен Берік Омаровты нағыз дәстүрлі ән-шілер деп есептеймін.

– Тағы бір сұхбатыңызда «өнер адамдары қартай-майды, ал кейде бізді күресінге итергілері келеді» дегеніңізді білеміз.

– Бауырым, соны айтайын деп айтам ба?! Нағыз өнер адамы пәк, бала сияқты, солар-дың талайының өмірден өксіп өткенін көрдім және соған налимын. Өз басым қазақ өнерінің талай корифейлерімен сахналас, үзеңгілес, дәмдес болдым. Семей филармониясында ұзақ жылдар бірге қызмет еткен Мәдениет Ешекеев пен Болат Сыбановты айтайын. Ол екеуі туған ағамдай болған, сахнаның нағыз серілері еді. Дәстүрлі әнде ұлтымыздың маңдайына біткен бақыты – солар. Сол ағалар ұлт мұрасын өшірмей-міз деп, жаяу-жалпылап, алты ай қыс пен шіліңгір жазда үй көрмей еңбек етті. Үкімет атақ-дәрежесін де зорға берді. Тағы сол ағаларды өмірлерінің соңында сахнаға шығармай, зарықтырып қойды, құсалыққа салды. Олар кешегі Біржан салдың кебін киді. Бұл жалғыз осы өңірде ғана емес, барлық жерде солай. Бүгінде еш қиналмай-ақ атақ алып, кеудесіне нан піскен өнер жұл-дыздарын көп көреміз. Бәлкім, заманы солай шығар. Әйткен-мен, сахнаның киесі бар ғой...

– Талайды тамсандырып, мыңнан аса ән салған Бақыт Үдербаева бір жылдары көрінбей кетті. Тіпті, «шетел асып кетіпті» дегенді де есті-геніміз бар. Егер құпия болмаса, қайда болдыңыз?

– Кейде адам баласының басында бәрі де: бақ пен сордың қатар жүретіні заң-дылық қой. Әлгінде өзіңіз айтқандай, егемендік алған жылдары жолдасым, марқұм Болат Мұсатаев екеуіміз біраз уақыт шет елдерде болып, концерттер бергеніміз рас. Ол бір бақытты жылдар болатын. Жолдасым аяқ астынан жол апатына түсіп, қайтыс болды, өзімнің аяғым шорт сынып, ауруханада ұзақ жаттым. Қатарға қосылғаным ақ желеңді абзал жандардың арқасы ғой. Тегінде, мен еш нәрседен қорықпайтын, ерен намысқой адаммын. Сол шақтарда ерік-жігерімді жаныдым, ауруханада жатып, кеудеме домбырамды қойып алып, айқайлап ән салдым. Сонда бәзбіреулер «Үдербаева сахнаға жарамайтын болыпты, мүгедек екен» деп мүсіркеді. Тағы бірде Үдербаева орындаған толғаудан кейін, оны сахнадан аластатуды қалады. Сондағысы Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың:

– Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз айлы түндерде.
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып Алаш жүргенде,
Сыпыра жомарт, 
қайда едің? – деген толғауы болатын. Айта кетейін, бұл әнді мен шеттен, Хасен Оралтай ағамыздан Германияда үйреніп келген болатынмын. Елге әкелген алғашқы орындаушы да өзім едім.

Қойшы, әйтеуір, қатарға қосылдым. Сонда менің бір әдебиетші бауырымның айт-қаны әлі есімнен кетпейді. Ол: «Сен юбка киген Қабанбай-сың» деп әзілдеген болатын. Батырдың ұрпағы екенім рас, сірә, өнердің киесі қолдаған шығар. 

Шүкір, қазір жиірек концерт беретін болдық

– Осыдан бірер жыл бұ-рын Әміре атамыздың кешін өткізіпсіз. Енді Мәдениет, Болат ағаларды еске алып, дәстүрлі әншілердің басын қоспақ көрінесіз. Жалпы, продюсерлік орталық құру ойыңызда жоқ па?

– Бір жылдары бұрынғы қала әкімі маған шәкірт даярлап, орталық құруды ұсынған болатын. Мен атүсті жүретін адаммын ғой, уақыт ерік бермеді. Ал Әміре атамыздың кешін облыс орталығында бір рет өткізгенмін. Негізі, бұл үрдісті жалғастыру ойымда бар. Жақында Мәдениет Ешекеев атындағы облыстық байқау оның туған жері Бородулиха өңірінде өтті. Бастама тамаша, әттеген-айы, сол ауылда тұратын інісі бұл жайында білмейтін болып шықты, ақпарат құралдары да жарытып жазбады. Ал Мәдениет – иісі қазақтың әншісі ғой. Оған тыңғылықты дайындық пен қаражат керек. Десек те, биыл кезінде аты республикаға белгілі болған алғашқы қазақ эстрада тобының бірі – «Ақ-бұлақ» ансамбліндегі замандастарымның басын қоспақ ойым бар. Олардың да ортасы ойсырай бастады, ал өнерде жүргендері бүгінде республикаға танымал, Қазақстанның мәдениет қайраткер-лері Айман Стамбекова мен Салтанат Сибанбаева – туған сіңлілерімдей болған жандар. Гүлшат Еруованың да орны бөлек.

– Бүгінгі тіршілігіңіз қалай болуда, жеке өміріңізде нендей жаңалықтар бар?

– Жоғарыда айтқанымдай, әлі қартая қоймаппын, өнердің құдіреті ғой. Айтпақшы, биылдан бастап жиі концерт беретін болдық. Мұның бәрі өнер ұжымының басшысы Адай Азаматовтың арқасында жүзеге асып жатыр. Міне, қазір де жолға дайындалып отырмын. Осылай шапқылап жүріп, немерелеріме қарауға да уа-қыт болмай қалады.

– Әңгімеңізге рақмет! Әманда жолыңыз болсын!

Сұхбаттасқан – Қадырбек Кәкімұлы
didar-gazeti.kz


Ұлы композиторды ұлықтады

КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әйгілі композитор Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл толу құрметіне ұлы тұлғаны ұлықтау жөніндегі облыстық мәдениет басқармасының бастамасына бірінші болып Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясы үн қосты.

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, бірнеше республикалық байқауларда жеңімпаз және жүлдегер атанған әнші, ұстаз Нұрлан Көшеровтің классикалық-вокалды музыка кеші осы сөзіміздің айқын дәлелі. Ұлы композитордың аталмыш мерейтойына арнаған мерекеге өнер десе ішкен асын жерге қоятын сауықшыл Семей халқы көптеп жиналды. Олардың арасында жастар да жеткілікті еді.

Кешті әйгілі «Кестелі орамал» әнімен ашқан әнші сырлы да сазды баритон дауысымен баршаны баурап алды. Мұндай әдемі әсер мереке тәмамдалғанша еш бәсеңсімеді. Бір атап айтарлығы, кезінде осы Семейде қызмет еткен күршімдік дара дарын, марқұм Дауыл Қайроллиннің талантты құймақұлақ шәкірті атанған Нұрлан бүгінде ұстазының үлгілі үрдісін жақсы жалғастырып жүр, яғни, өзі де талай ізбасар тәрбиелеген ұстаз. Мерекелік кеште солардың бірқатары – болашағынан үлкен үміт күттіретін Ақберен Атабай, Еркебұлан Мұсаев, Әйгерім Тоқтыбаева, Мақсат Қасенов сынды жас әншілер өнерлерін ортаға салды, көрермендерді тәнті етті, қошеметіне бөленді. Әншілерді сүйемелдеген концертмейстер Оксана Пляскинаға да алғыс білдірілді.
 
Жалпы, осы шығармашылық кеш алдағы сәуір айының 20-22-і күндері аралығында Семейде Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығы құрметіне вокал номинациясы бойынша өтетін республикалық әншілер байқауының тұсаукесері еді десек, артық айтпағанымыз.
 
Ұлы композиторды ұлықтаған өнер кеші Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен қорытындыланды. Орындаған – әнші-ұстаз Нұрлан Көшеров және оның есімдері аталған шәкірттері. Жарасымды!

Мұрат Тастағанов
didar-gazeti.kz

Ән атасы Әміре Қашаубаевтың 125 жылдығы дүлдүл әншінің кіндік қаны тамған  шырайлы Шы­­­ғыс елінде кең көлемде аталып жатыр. Жақында Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының әншілері Өскеменде «Әміре ауылы» атты бағдарлама бойынша екі рет концерт берді. Мұның алдында филармония директоры Адай Азаматов жетекшілік ететін өнер ұжымы Астана қаласының тұрғындарын әнге сусындатып қайтқан болатын. Алда –Моңғолия, Қытай елдері мен Алматы қаласы, Талдықорған облысына гастрольдік сапарлар тұр.

«Әміре ауылы» бағдарламасы көпшілікке ұнады. Киіз үйде малдас құрып отырған әншілер мен күйшілер екі сағат бойы кезек-кезек ән мен күйді араластырып, құлақтың құрышын қандырды. Әр әнші мен күйшіні  жүргізуші Мұрат Тастағанов өлеңмен қол­паш­тап отырды. Белгілі сазгер Тұрсынғазы Рахимов өзінің «Ән атасы Әміре» атты әнін салған кезде тыңдармандар сілтідей ұйып тыңдады. ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақыт Үдербаева, Нұридин Иманбаев, Гүлдана Ноғайбаева, дәулескер күйші Аманжол Са­мықов, тағы басқалардың талантына көпшілік разы болып, алғыстарын жаудырды.

«Әміре ауылының» сценарийін жазған әрі жүргізушісі, сазгер, журналист Мұрат Тастағанов кеш­ті тартымды өткізе білді.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН
18.05.13
www.madenimura.kz


Келмеске кеткен Келденбайын еске алды

Қалалық мәдениет сарайында Семей облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармония, Күршім аудандық мәдениет бөлімі бірлесіп шәкерімтанушы, әнші, мәдениет қайраткері жерлесіміз Келденбай Өлмесековті еске алуға арналған «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» атты кеш өткізді.

Кешке Келденбайдың жары Дәкен Омарғалиқызы, қызы Баян және туған жері – Күршім ауданынан інісі Бақытхан Өлмесеков, осы ауданның мұражай директоры Нүрзия Халитова, жастайынан бірге өскен Тұрсынбек Закалянұлы және басқа да жақындары қатысты. Келденбай ағамыздың өмірдегі және өнердегі достары Төкен Ибрагимов, Тұрсынғазы Рахимов, Бақыт Үдербаева және шәкірті, әнші Толғанбай Сембаев әншінің шығармашылығы, өмірі туралы естеліктер айтып, репертуарындағы әндерді шырқады. Әншінің көзі тірісінде өзі берген бейнесұхбаттары көрсетіліп, кешке көрік берді.

Кеш соңында әншінің жары Дәкен Омарғалиқызы мен інісі Бақытхан Өлмесеков Семейдің облыстық тарихи-өлкетану мұражайына Келденбай Өлмесековтің жеке заттарын: домбырасын, әндер жинағын, концерттік костюмін, дипломдары мен құрмет грамоталарын табыс етті.

Бұл жәдігерлер Семей облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мәдениет саласына арналған бөлімінің төрінен орын алып, оларды осында келушілер қызыға тамашалайтын болады.

Ш.Сейсембаева, 
Семей облыстық тарихи-өлкетану
мұражайының маманы
didar-gazeti.kz


«Махаббат космоформуласы»
астаналықтарды тәнті етті

Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының өнер ұжымы «Махаббат космоформуласы» атты театрландырылған концерттік бағдарламамен Астанаға барып қайтты, деп хабарлайды Аltaynews.kz.

Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған сапар абыройлы болды. Елорданың Жастар сара-йында екі мәрте қойылған концертке келген көрермен киелі Семей өңірінің өнерпаздарына риясыз пейілмен қол соғып, зор қошемет білдірді.

Құрамында Тоғжан Таханова, Айжан Рақымбекова, Айғаным Бисеқанова бар «Айназ» қыздар триосы композитор Төлеген Мұхаметжанов пен ақын Ұлықбек Есдәулетовтың «Заман-ай» әнін шырқағанда саз толғаған халық орындарынан тұрып кетті. Сондай-ақ, Серәлі Құсманұлының орындауындағы Алтайдың халық әні «Ай айым», республиканың еңбек сіңірген әртісі Бақыт Үдербаева орындаған Оралхан Көшеровтың «Ескі әнді, шеше, қозғама», Толғамбай Сембаев, Нұридин Иманбаев, Мейрамбек Ахметов және Қайрат Хамидуллиннің «Серілер» тобының дәстүрлі ән шеруі, Әлия Бәженова әуелеткен Качинидің «А-вэ, Мария» әні, тағы басқа өнер туындылары да ыстық ықыласқа бөленді.

Мұрат Тастағанов
altaynews.kz


Ән – көңілдің ажары

Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың үш күнге созылған VІІІ республикалық конкурсы мәреге жетті.

«Мәдениет министрлігінің ұйым­­дастыруымен жылына отыз­­дан астам конкурс өткі­зілсе, олардың ішінде Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушы­лар байқауының орны бөлек. Кеңестік кезеңде бұл сайыс төрт жылда бір рет өткізілетін. Ал тәуелсіздігімізді алғалы бері екі жылда бір рет өткізу мүмкін­дігіне ие болып отырмыз десек, конкурстың мақсаты – әнші Әміре Қашаубаевтың төл мұра­с­ын кеңінен насихаттап, ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткізу, қаты­сушылардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, сондай-ақ жастарға эстетикалық тұрғыда тәрбие беру, ұлттық және әлемдік мә­дениет құндылықтарды игеруіне ықпал ету», – деді Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Роза Кәріпжанова конкурстың ашылу рәсімінде.

Ән бәйгесінің шымылдығы Әміре Қашаубаев өз дауысымен айтқан Ақанның «Балқадиша­сымен» ашылды. Конкурстың талабына сәйкес, Отанымызда және алыс-жақын шет елдерде тұратын 16 мен 35 жас ара­лығындағы халық және қазіргі композиторлар әндерін домбыра, қылқобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын 38 кәсіби өнерпаздардың өнерін Парламент Мәжілісінің депутаты, айтулы әнші Бекболат Тілеухан бастаған қазылар алқасы сарапқа салды. Сайыстың ашылу рәсімінде Бекболат Тілеухан: «Қазақта «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөз бар. Бұл ретте бақтарың да келіссін, баптарың да келіссін. Дәстүрлі ән дегеніміз – қазақтың қазақтығын, ұлттық сипатын айқындайтын ерекше өнер. Мұнда әнге жаны ашитын, әннің қадірін түсінетін адамдар жиналған. Бұл қазақтың тектілігін танытатын бекзат өнер», – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­ды­ғы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі орындаушылардың VІІІ республикалық конкурсына қаты­су­шылар Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Қорлан», «Бал­қадиша», «Дудар-ай», «Ақ сиса», «Қос барабан», «Көкаршын», «Баян­ауыл», «Смет», «Бес қара­гер» сияқты 22 әнді үш кезеңде көкке өрлетті. Нәтижесінде 38 қатысушының жартысына жуы­ғы ғана кейінгі кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Келесі күнгі сайыс – Сыр немесе Қазығұрт өңіріндегі әуендер мен Қазақстан композиторлары ән­дерінің орындалуымен ерекшелене түсті. Бірінші кезеңнен өтіп, барынша ысылған сайыс­керлер бұл күні ерекше қарқынмен өнер көрсетті. Ал соңғы кезеңде Әміре Қашаубаевтың репертуарын­дағы ән ретінде жігіттер қауы­мы міндетті түрде «Ағаш аяқ», қыздар «Ардақ» әнін орындау керек болатын. Сондай-ақ, бұл кезеңде де халық әндері орын­далды. Сөйтіп, сайыстың қоры­тын­ды кезеңі де келіп жетті. Көп ұзамай Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушы­лардың VІІІ республикалық кон­курсының жеңімпаздары да белгілі болды. Яғни, cайыс қоры­тындысына сәйкес, Қазақ ұлт­тық өнер университетінің бірінші курс студенті Қайрат Бай­босыновтың шәкірті Сы­рым Мұхаметжановқа Әміре Қашау­баев атындағы дәстүрлі орын­дау­шылардың VІІІ респуб­ли­калық конкурсының бірінші жүлдесі берілді. Бұдан кейін қазылар алқасының төрағасы Бекболат Тілеухан сөз кезегін алып: «Кон­курсқа мектеп жа­сын­дағы 10 сынып оқушылары­ның қатысуы – Әміре Қашау­баев атындағы республикалық сайыстардың та­рихында бол­ма­ған. Бұл жолғы сайыс соны­сымен де ерекшеленді. Әйтсе де бас жүлдеге лайықты сайыс­керді көре алмадық, – дей келе, екінші жүлделі орынды Ерке­бұлан Қасымов пен Гүлдана Ноғайбаеваға берсе, үшінші орын­ды Аллажар Қайбар, Сәт­тіғали Нұрдәулетов және Санат Исаев қанжығасына байла­ды. Ал «Үкілі үміт» номина­циясының жүлдесін Әділет Исмаил, Тал­ғат Молдағалиев, Оразәлі Жаңа­баевтар иемденсе, Айбек Сахаба, Жақсыгелді Маясаров, Нұр­болат Арзамас, Ар­дақ Мұқышев, Жанқожа Аяповтар дипломдармен марапат­талды.

Кеш соңы қазылар алқасы мен конкурс лауреаттарының гала-концертіне жалғасты.

Жұлдыз БАЙДІЛДА
egemen.kz